«Жала жапқандар қалай ғана тыныш өмір сүреді»: Тараздағы қаңтаршылар сотында соңғы сөз айтылды

«Президенттің Жаңа Қазақстанына сенбеймін»


18/04/2023
16:37 3233 0

 

Таразда Қаңтар бойынша істі болған тоғыз адамның сотында соңғы сөз айтылды. Күдіктілердің кейбірі тағылған айыптарды мойындады. Енді бірі істеген ісіне өкінбейтінін айтты. Барлығы соттан әділ шешім шығаруды сұрады.

 

18 сәуірде өткен сот отырысына БАҚ өкілдері тағы да кіргізілмеді. Сот хатшысы журналистерге процестің тергеу изоляторы ғимаратында өтіп жатқанын алға тартып, режимді нысаны фото-видеоға түсіруге болмайтынын айтты. БАҚ өкілдері процесті облыстық сот ғимаратында монитордан бақылады. 

 

«Маған жала жапқандар қалай тыныш өмір сүретінін түсінбеймін»

 

Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді деп айыпталған 38 жастағы Ербол Жұманов соңғы сөзінде өзіне жала жапқан адамдарға қайырылып, олардың осыдан кейін ары қарай қалай өмір сүретінін түсінбейтінін айтты. 

 

– Мен түрмеде бір жылдан астам уақыт бойы отырмын. Осы уақытқа дейін өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеп келе жатырмын. Бұл жерде барлығы мені тыңдады, бірақ ешқандай нәтиже жоқ екенін барлықтарыңыз байқап отырған шығарсыздар. Бұның барлығы қанша уақытқа созылатынын білмеймін. Бірақ мен түбіне дейін күресуге дайынмын. Өткен сот отырысында мен соғыс жариялайтын болғанмын. Мен бұл соғысты маған жала жапқан адамдарға жариялап отырмын. Куәгерлер мен жәбірленушілер жалған сөйлеп, адамды 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырып, қалай ғана тыныш өмір сүретіндерін түсінбедім, – деді ол.

 

Ербол Жұманов өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады және президент Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстанға сенбейтінін мәлімдеді. 

 

– Менің марқұм әке-шешем «өліп бара жатсаң да шыныңды айт» деп тәрбие берген. Бұл кісілерде де амал болмаған шығар, бұларға да қысым көрсеткен шығар. Болмаса, басшылары бұйрық берген шығар. Оны өздеріңіз ойланып көрерсіздер. Бұл заңсыздықты тоқтататын жаратушы аллаға сенемін, сосын, ақиқат үшін күресіп жүрген қазақ батырларына сенемін. Ал президентіміз айтқан Жаңа Қазақстанға сене алмаймын. Себебі «баяғы жартас, сол жартас». Болашағымыздың өтірікке бара жатқаны ақиқат... Мен қару алғанымды мойындаймын. Қателік жасадым. Оған шынымен де өкінемін. Бірақ 380 баппен тағылған айыпты мойындамаймын. Себебі мен ол жерде болған жоқпын. Оны осы жерде өздеріңізге дәлелдедім, – деді Жұманов. 

 

«Істеген ісіме өкінбеймін»

 

Іс бойынша жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталған 64 жастағы кәсіпкер Нұрахан Махатов өзінің істеген ісіне өкінбейтінін айтты. 

 

– Құрметті сот! Барлығы айтылған, өзіңіз шешім шығарасыз. Мен білмеймін, менің кінәм ол жерге барып халыққа басу айтқаным шығар. Менде сол жерде (іс бойынша куәгер болған – ред) Мырзалиев, Баширов сияқты тас лақтырып, өртесем, мүмкін бостандықта жүрер ме едім. Мен істеген ісіме өкінбеймін. Мен ол жерде басу айттым. Сіздің әділ шешіміңізге дайынмын, – деді ол. 

 

Соңғы сөзден кейін судья кеңесу бөлмесіне кетті. Оның үкімді қашан оқитыны әзірге белгісіз. Сот хатшысы күдіктілердің туыстарына үкім оқылатын күннің уақытын алдын ала ескертіп, айтатынын айтты. 

 

7 сәуірде өткен сот отырысында айыптаушы прокурор Айбол Сағынтайды 7 жылға, Дәурен Нұрәлиевті 6 жылға, Ербол Жұмановты 20 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 7 жылға, Нұрахан Махатовты 7 жылға, Қанат Нұраханұлын 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған. Ал Саламат Қосанов пен Досмұхамбет Садықовты 5 жылға, Ермахан Сайлауовты 6 жылға соттап, рақымшылық заңына сай сот залынан босатуды сұраған. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

18/04/2023 16:37
3233 0

Уведомление